2018 жылғы 16 сәуір, сағат 11.00-де Жамбыл Облыстық қазақ драма театрында Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің ұйымдастыруымен «Ұлттық  музейге сый тарту» акциясы өтті.

«Ұлттық музейге сый тарту» акцияның негізгі мақсаты – ұлттық тарихи-мәдени мұраларымызды сақтау мәселесіне қоғам назарын аудару. Ел арасында елеусіз жатқан тарихи маңызы зор құнды заттарды, ұлтымыздың ұлы тұлғаларының жәдігерлерін кәсіби тұрғыда сақтауға және көпшілік назарына ұсыну үшін Ұлттық музейге тапсыруға үндеу.

Өздеріңізге белгілі, «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы Ұлттық музейдің төл жобасы ретінде 2015 жылғы 18 наурыздан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Осы уақытқа дейін аталмыш акция Алматы, Қызылорда, Шымкент, Ақтөбе, Қостанай, Орал, Петропавл қалаларында өткізілді. Ал, аталмыш жоба биылғы жылғы өз бастауын көне шаһар Тараздан бастағалы отыр.

Осы уақытқа дейін «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы аясында еліміздің Бас музейінің қорына 3000-нан астам жәдігерлер қабылданды. Ал, Тараз қаласынан Ұлттық музей қорына 200-ден астам жәдігер өткізіліп отыр. Олардың ішінде Тараз тумасы, Даңқты қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлының,Қазақстанның Тұңғыш Еңбек Ері, «Отан», «Алтын жұлдыз» ордендерінің иегері Миразова Аягүл Төреқызының, Кеңес Одағының батырлары Шәкіров Сәдумен Сухамбаев Ағәділдің, Социалистік еңбек ері Қуанышбаев Жазылбектің,Мемлекет және қоғам қайраткерлері Тұрысов Қаратай мен Арғынбай Бекбосынның, жазушы Шерхан Мұртаза мен Әкім Тарази, ақын Ахметова Күләштің, өнер саңлақтары Асанәлі Әшімов пен «Құрмет» орденінің иегері Әспетова Гүлжанның, Тараз топырағынан шыққан спортшылар Артаев Бақтияр, Ақжүрек Таңатаров, Елдос Сметовтердің жәдігерлері бар. Бұл жобадан Тараздың қылқалам шеберлері де шет қалған жоқ. «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы аясында Жамбыл облысынан суретші Денисов Николай,суретші және мүсінші Назарқұлов Аманат пен Қораласбаев Қали, Қазақстан Суретшілер одағының Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Сихаев Айдархан және суретші Аманқосов Қазымның жұмыстары Ұлттық музей қорына қабылданды.

Дәстүр бойынша бұл қабылданған жәдігерлердің барлығы 2018 жылғы Ұлттық музейдегі қорытынды акцияда Елордалықтардың назарына ұсынылатын болады.

«Ұлттық музейге сый тарту» акциясында қабылданған әрбір жәдігер ұлтымыз бен тарихымыз үшін аса құнды және бұл сыйланған жәдігерлердің барлығы тек Ұлттық музейге емес, еліміздің ертеңгі тарихына жасалған сый болып табылады.