2018 жылғы 16 сәуір, сағат 16:00-де Тараз қаласындағы Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің көрме залында Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі мен Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің бірлесіп ұйымдастыруымен «Ел жүрегі – Астана» көрмесінің ашылу салтанаты өтті.

Көрме Қазақстан Республикасының Елордасы – Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналып ұйымдастырылып отыр.

1991 жылы Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап, халқымыздың тағдыры күрт өзгерді. Ата-бабаларымыз қиялында ғана елестеткен заман орнады. Халқымыз үшін тарихи маңызы үлкен бірнеше стратегиялық қадамдар жасалды. Сол тарихи қадамдардың бірі, әрі бірегейі – ел жүрегі, Сарыарқаның төрінен орын тепкен Елордамыз – Астана қаласының салынуы болатын. Кеше ғана орындалмас арман болып көрінген Астана қаласы бүгінде әлемдегі ең жас және ең сұлу қалалардың бірі болып қарқынды дамып келеді. Астананың негізі – Ақмола десек, Ақмоланың арғы жағында Бозоқ қаласы жатыр. Яғни, Сарыарқаның бұл пұшпағы бұрыннан-ақ ата-бабаларымыздың құтты қонысы болған.

Елордамыздың 20 жылдық мерейтойына арналған «Ел жүрегі – Астана» көрмесі Бас қаламыздың табиғи ландшафтымен қоса қаланың қалыптасу, даму мен заманауи бірегейлігін көрсететін Қазақстанның жетекші суретшілерінің картиналарынан жасақталған. Көрменің құрамына кіретін В.Богданов, А.Шиманович, Т.Товтин, Л.Блинов, П.Данилов, Т.Әбуовтердің «алғашқы қадамдар» туралы, кең жазық даланың игерілуі туралы, қала құрылысының басталуы туралы сыр шертетін ең ерте жұмыстары 1950-60 жылдарға тән. Олар деталдарды берудегі дәлдік сақталған соцреализмнің барлық заңдылықтары бойынша жазылған. Сондықтан, бұл картиналардан өткен оқиғалардың нанымды бейнесін елестете аласыз.

Ал, жаңа заманның, 1990 жылдардың суретшілері тұрмыс негіздерін философиялық ұғынуға негізделген басқа көркем парадигманы үгіттейді. А.Смағұлова, А.Нода, И.Свитич, Г.Телғозиева секілді суретшілер мағыналардың философиялық түсіндірмесі бар суреттің классицистикалық әдістерін қамтыған. Мыңжылдықтардың аралығы санаға және рухани мұраның рөлін ұғынуға үлкен өзгерістер енгізді.

Жаңа заманның суретшілері Е.Төлепбаев, А.Мұратбаев, Қ.Ахметжан, М.Бекеев, А.Мұқажанов, Л.Махат, К.Муллашев, С.Смағұлов, А.Оспанов өз суреттерінде өткен, осы және келер шақтарды ажырамастай байланыстырған. Бұл жаңа суреттеу құралдарымен жырланған жаңа әлем.

«Ел жүрегі – Астана» көрмесінде Тараз қаласы суретшілерінің де жұмыстары қойылады. Ескі шаһар Тараз бен жас қала Астанамыздың тарихы суретшілердің ақ кенебінде тоғысады. Есілдің суы Таласқа құйылып, арнасына сыймаған суретшілердің еңбектері бір көрме залында халық назарына ұсынылды.

Көрме экспозицияларын тамашалау нәтижесінде көрермен Елорда тарихымен танысып қана қоймай, сол сияқты заманауи бейнелеу өнерінің шығармашылық көріністерінің әртүрлілігін де көрді.